Атырау облысында заманауи спорт кешені ашылды.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметіне сүйенсек, 1 212 спорт нысаны бар.

Спорттың әр түрімен айналысатын балалар мен жасөспірімдер саны 15 550-ге жеткен.

«Биыл 36 спорт нысаны биыл қосылды. Облыста 8 балалар және жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлығы клубтары бар. Жаттығушылар саны 814-ке көбейіп, 7312-ні құрап отыр. Спорт клубтарда шұғылданушылар саны 633-ке көбейіп, 4276-ға жетті. Былтырғымен салыстырғанда волейболда 117, баскетболда 30, су спорт түрлерінде 496 бала қосымша секцияларға алынды», -дейді Жасұлан Бисембиев.

Жаңа спорт кешенінің бірі Мақат ауданындағы Доссор кентінде ашылды. Ғимараттың жалпы ауданы – 500 шаршы метр.

Күрес, бокс, дзюдо залдары қажетті құралдармен толық жабдықталған. Енді кешен ауласынан work-out алаңын салу жоспарда тұр.

Кешен 200 адамға арналған. Мұнда 6 бапкер жұмыс істейді.

Жас спортшыларға үйірмеге қатысуы үшін жеңілдіктер қарастырылған. Ал, аз қамтылған отбасылардың 100 баласы спорт үйірмелеріне тегін қатысады.

«Батыр боламын» қоғамдық қорының президенті Арман Уахаптың айтуынша, бұл – Атырау облысында салынған 34-нысан.

«Бұл – сапалы әрі замауни үлгіде салынған спорт кешені ғана емес, балаларға жан-жақты тәрбие беретін ұя. Мұнда спортпен айналысатын әр бала әлемдік деңгейдегі додаларда көк байрағымызды желбіретеді деп сенемін», -дейді Арман Уахап.