Шымкенттік «Ордабасы» Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Иерусалимде өзіне қолайлы нәтижеге қол жеткізе алған жоқ, деп хабарлайды «PROСПОРТ».

Естеріңізде болса, осыдан бір апта бұрын Шымкентте «Ордабасы» мен «Бейтар» есеп аша алмай, 0:0 есебімен тең түсті. Сондықтан Иерусалимде өткен матчта шымкенттіктерге нәтижелі тең есеп те қолайлы болатын.

Матч алаң иелерінің қарқынды шабуылдарымен басталды. «Бейтар» ойыншылары жылдам гол салып, жағдайды біршама жеңілдетіп алуға ұмтылған. Алғашқы шабуылдарды «Ордабасы» қорғаушылары тоқтата алды. 17-минутта израильдік ұжым Андрей Сидельниковтың қақпасынан саңлау тапты. Омер Ацили ұрымтал тұстан мүлт кеткен жоқ. Алаң иелері бұл голмен тоқтап қалмай, «Ордабасы» қақпасын екінші рет дәл көздеуге тырысты. Ал Виктор Кумыков шәкірттері ұзақ уақыт бойы «Бейтар» қақпашысы Кляйманның мазасын ала алмады. 30-минутта Александр Гейнрих тамаша соққы жасады – қиыс.

Үзілістен кейін Виктор Кумыковтан нұсқау алған «Ордабасы» ойыншылары екінші таймды белсенді бастады. 49-минутта Артем Касьянов алаң иелерінің қақпасын нысанаға алған – биік. 60-минутта алаң иелері нәтижелі тағы бір шабуыл ұйымдастыра алды. Нахманидің алыстан бағыттаған соққы Сидельников қақпасының маңдайшасына тиген, кері серпілген допты Довев Габбай бос қақпада тулата салды – 2:0. Тоблодағы бұл көрсеткіш ұзақ уақыт сақтала қойған жоқ. Стандарттық шабуылды шебер пайдаланатын «Ордабасы» ойыншылары 66-минутта есеп айырмасын қысқартты. Сол қанаттан жасалған бұрыштама допты ойынға тыңнан қосылған Кирилл Петров голға айналдырды. Қалған минутта Виктор Кумыков шәкірттері екінші голын салуға тырысқанымен, «Бейтар» қорғаныста сақ ойнап, жеңісті уысынан жіберген жоқ.

Өкінішке қарай, «Ақтөбенің» ізімен «Ордабасы» да Еуропа лигасында жарыс жолынан шығып қалды. Ендігі үмітіміз - «Қайрат».

«Бейтар» - «Ордабасы» 2:1 (1:0)

Голдар: 1:0 – Ацили 17, 2:0 – Габбай 60, 2:1 – Петров 66

«Бейтар»: Кляйман, Даса (Йерхуам 67), Хила, Клаудемир, Матович, Асклинн, Ацили, Фреда (Коэн 53), Жаири, Нахмани (Магбо 74), Габбай.

«Ордабасы»: Сидельников, Сүйімбаев, Абдулин, Малый, Симчевич, Нұрғалиев, Әшірбеков (Тұңғышбаев 62), Касьянов, Адырбеков (Петров 58), Тәжімбетов, Гейнрих.

Төрешілер: Радек Пржигода, Иво Надворник, Якуб Грабовски (бәрі де – Чехия)

Ескертулер: Фреда 6, Габбай 41, Нахмани 53, Даса 56  – Адырбеков 51, Малый 56, Гейнрих 70

Алаңнан қуылды: Касьянов 90+3