Футболдан еліміздің вице-чемпионы «Ақтөбе» Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде екі ойынның нәтижесі бойынша эстониялық «Нымме Калью» клубынан айласын асыра алмады, деп хабарлайды «PROСПОРТ».

Осыдан бір апта бұрын Ақтөбеде Владимир Газзаев шәкірттері 0:1 есебімен жеңіліп қалған болатын. Сондықтан батысқазақстандықтар бүгін Эстонияда жеңіске жетуге міндетті еді.

Алғашқы таймда, күткеніміздей, «Ақтөбе» ойыншылары допты бақылауында ұстап, шабуылда ойнады. Дегенмен алаң иелері бұл ойында да қорғаныста мығым болды. 14-минутта Юрий Логвиненко сол қанаттан асырылған пасты голға айналдыруға жақын қалған, бірақ соққы қақпадан биік кетті. Араға он минут салып Маркос Пиззелли алыстан соққы бағыттады. Алаң иелерінің қақпашысы Виталий Телеш керіле секіріп, допты кері қайтарды. Алаң иелері болса, қорғаныста сақ ойнап, тек қарымта шабуылдан бақ іздеді. Алайда ақтөбелік қорғаушылар «Нымме Кальюдың» барлық ұмтылысына тұсау қоя білді. Владимир Газзаев шәкірттері үзіліске дейін есеп ашуға тырысқанымен, командалар демалуға 0:0 есебімен кетті.

Үзілістен кейін «Ақтөбе» алаң иелерінің қақпасын торуылдауын одан сайын күшейтті. 55-минутта Қазақстанның вице-чемпиондары есеп ашатын тамаша мүмкіндікке ие болды. Айып алаңына әуелеген допқа бірінші жеткен Аделейе Айоделе баспен «Нымме Калью» қақпасын нысанаға алған, бірақ алаң иелерін маңдайша құтқарып қалды. Он минуттан соң «Ақтөбе» ойыншылары қатарынан екі қауіпті соққы жасады. Шабуылға араласқан қорғаушы Аделейе әуедегі допты тағы да Телеш  қақпасына бағыттаған, алайда эстониялық голкипер орнынан табылды. Екінші деммен ақтөбеліктер екінші рет айып алаңына пас асырған, бұл жолы Юрий Логвиненко бес метрден допты қақпадан биік жіберді. Бұған «Нымме Калью» ойыншылары қарымта шабуылмен жауап қатты. Сол қанаттан басталған шабуыл Пурьенің соққысымен аяқталған. Абырой болғанда, соққы әлсіз шығып, доп Алмат Бекбаевтың қолынан табылды. 82-минутта Логвиненко тағы бір ұмтылысты нәтижелі аяқтай алған жоқ. Соңғы ысқырық естілгенше қарсылас қақпасынан саңлау табуға тырысқан «Ақтөбе» ақыры допты Телеш иелігінде тулата алмады.

Осылайша, екі ойындағы 180 минутта «Ақтөбе» эстониялықтар қақпасынан саңлау таба алмады. Еуропа лигасында үшінші, төртінші кезеңге дейін барып үйреніп қалған ақтөбеліктер, өкінішке қарай, биылғы еуросаяхатын бірінші іріктеу кезеңінен аяқтады.

«Нымме Калью» - «Ақтөбе» 0:0 (0:0) (Бірінші матч – 1:0)

 «Нымме Калью»: Телеш, Калласте, Родригеш, Бяренгруб, Меэеэл, Вакуи (Линдпере 61), Топич (Мбу-Алидор 59), Пури, Кимбалула, Пурье, Дмитриев (Неемело 75).

«Ақтөбе»: Бекбаев, Коробкин, Логвиненко, Аделейе, Мирошниченко, Чяк, Жулпа, Пиззелли (Хайруллин 79), Неко, Данило (Жалмұқан 63), Хижниченко.

Ескерту алғандар: Вакуи 4, Пури 60 – Коробкин 69, Хайруллин 79