Еуропа Лигасы бірінші іріктеу кезеңінің қарымта кездесуінде оңтүстік астанамыз Алматы қаласының Орталық стадионында «Қайрат» пен сербиялық «Црвена Звезда» командалары күш сынасты.

Белградтағы алғашқы ойында Вламимир Вайсттың шәкірттері 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Орталық стадионға жиналған жанкүйерлердің де қарасы мол, ауа-райының да қолайлы болуы бүгінгі мерекеге қосымша көңіл-күй сыйлады. Жеңістен басқа нәтижені мақсат тұтпаймыз деген «Қайрат» бірден шабуылға кірісті. Сырт алаңдағы басымдыққа қарамастан алматылық ұжым ашық футбол көрсетіп, алғашқы соққыны да жасады. Жерар Гоу айып алаңына еніп, қарсыластар қақпасын нысанаға алған – сәл қиыс кетті. Сағат тілі 10 минут өткенін көрсеткенде Гоу екінші рет гол соғатын мүмкіндігін мүлт кетірді. Сито Риераның пасынан кейін ұрымтал тұста тұрған «Қайраттың» қара маржаны қақпаны дәл көздей алмады. Қонақтар алғашқы соққысын тек 15-ші минутқа таман жасады. Вукан Савичевичтің айып алаңының сыртынан жасаған соққысы әлсіз шығып, Владимир Плотниковтың оңай олжасына айналды. Басымдықты біртіндеп қолына алған қонақтар 20-шы минутта айтарлықтай қауіпті шабуыл жасай алды. Саша Стояновичтың бағыттаған соққысы қақпа бағанасынан кері қайтты. Бірден қарымта шабуылға шыққан алматылық команда есеп ашуға сәл қалған. Айып алаңына енген Сито Риера Предраг Райковичтен айласын асыра алмады. «Црвена Звезданың» кезекті шабуылы да аса қауіпті болды. Қонақтардың соққысынан кейін қақпаға еніп бара жатқан допты сызықтан Ермек Қуантаев алып шықпағанда, мүмкін, қонақтар есепте алға шығар ма еді? 30-шы минутта сол қапталдан басталған шабуылда Ермек Қуантаев қонақтар қақпашысымен бірге-бір шыққан болатын, бірақ тағы да жастар арасындағы әлем чемпионы тағы да өзінің шеберлігін көрсетті. Екінші леппен қайта шабуылдаған «Қайрат» ойыншыларының ұмтылысы нәтижелі болды. Жерар Гоумен пас алмасып, әдемі комбинация ұйымдастыра алған команда капитаны Бауыржан Исламхан алғашқы голды соқты. Стадионға келген жанкүйерлер дүр сілкініп қалды. Бірінші таймның соңына қарай ойын сәл бәсеңдеді. Негізнен талас ортада өтті. Алғашқы голдан кейін есеңгіреп қалған «Црвена Звезда» ойыншылары шабуылды қойып, қорғаныста сақ ойнауға көшті.

 

 

Екінші тайм басталысымен алматылық ұжым шабуылға шықты. Сол қапталдан Жерар Гоу айып алаңына ене беріп соққы жасаған, бағана тиіп, кері серпілген допты Исламбек Қуат қақпада тулатты. Есеп – 2:0. Шабуылды шабуылға ұластырып, жылдамдығын үдете түскен «Қайрат» ойыншыларының қарқынына қонақтар әрең шыдас берді. Исаэлден пас алған Жерар Гоу «Црвена Звезда» қақпашысы Предраг Райковичпен жеке шыққанымен, допты қақпадан қиыс тепті. Жанкүйерлер сүйікті командасын барынша қолдауға тырысты: бірде «Қайрат чемпион» деп айқайласа, енді бірде ұялы телефонның жарығын қосып, әдемі шоу көрсетті. 70-ші минутта Риерадан тамаша пас алмасқан «Қайраттың»  «қара маржаны» Предраг Райковичтен айласын асыра алмады. «Црвена Звезданың» жас қақпашысы Гоудың соққысын қиындықпен болса да, қайтара білді. Бес минут өткеннен кейін Жерар Гоу тағы бір мүмкіндікті жерге ұшырды. Жерардың жолында тағы да Предраг Райкович тұрды. Алғашқы матчта Гоудан әдемі гол жіберіп алған «Црвена Звезданың» жас қақпашысы бүгін африкалық шабуылшынң барлық соққысын кері қатарды. 80-ші минутта бұрыштама добын добынан кейін Саша Стоянович жойқын соққы жасап еді, Плотников өз орынан табыла білді. Алайда бірер минуттан кейін өз айып алаңында Жарко Маркович қонақтарға қарсы ереже бұзып, өз қақпасына пенальти алып берді. Нүктеге келген Викан Савичевич мүлт кетпеді.

 

 

Еуропа Лигасы, Бірінші іріктеу кезеңі
«Қайрат» - «Црвена Звезда» 2:1 (1:0) - 2:0
Голдар: Исламхан 29, Қуат 47 – Савичевич 85 (пен.)
«Қайрат»: Плотников, Соарес, Гурман, Маркович, Исламхан (Сержиньо), Исаэл, Гоу (Көкеев 90+3), Қуантаев, Риера, Лунин, Қуат.
«Црвена Звезда»: Райкович, Петкович (Цветкович 46), Стоянович, Веред (Гаврич 70), Мбоджи, Паркер (Орландич 60), Катай, Анджелкович, Рендулич, Йович, Савичевич.
Төрешілер: Барыш Шимшек, Кемал Йылмаз, Алпаслан Дедеш (Түркия)
Ескертулер: Маркович 63, Гоу 90 - Стоянович 9
9 шілде, Алматы, Орталық стадион.