Эр-Риядта өткен пара таэквондодан финалдық Гран-приде қазақстандық спортшылар екі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Жарыста Нұрлан Домбаев (-80 келі) пен Нышан Өмірәлі (+80 келі) үшінші орын алды. Жеңімпаздар К-44 санатында сынға түсті.

«Биылғы соңғы Гран-приге әлемнің ең мықты спортшылары жиналды. Жарыстар G-10 санаты бойынша бағаланады. Қазір Нұрлан Домбаев әлемдік рейтингте 1-орында тұрса, Нышан Өмірәлі рейтингте 4-орынға көтерілді», - деді пара таэквондодан бас бапкер Нұржан Есілбаев.

Айта кетейік, пара таэквондодан әлемдік Гран-придің финалдық турнирі Сауд Арабиясында өткен болатын. Жарысқа әлемнің 25 елінен 75 спортшы қатысты.