Футболдан жаңа маусымдағы Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайтын «Астана» футбол клубының ойыншылары жаңа жейдемен өнер көрсететін болды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

- Елордалық клуб Чемпиондар лигасының сырт алаңда және өз алаңында өтетін ойындарына жаңа жейдемен шығатын болады, - делінген ресми сайт хабарламасында. Клуб ойыншылары жаңа жейделерін кеше өткен оқу-жаттығу жиындары барысында таныстырды.

Айта кетейік, Стонимир Стойлов жаттықтыратын «Астана» клубы Чемпиондар лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастайды. Отандастарымыздың қарсыласы - «Марибор» (Словения). Қос клуб арасындағы бірінші ойын 14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні Мариборда өтсе, қарымта кездесу араға бір апта сала Астанада жалғасын табады. Бірінші ойынды «Қазақстан» арнасы тікелей эфирде көрсететін болады. 

Массагет.кз сайтынан