Германия құрамасы Катардағы әлем чемпионатының 1/8 финалына шыға алмай қалды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Е тобының 3-турында Германия өзіне керек нәтижеге қол жеткізе алды. Коста-Рика құрамасын 4:2 есебімен жеңді. Матчтың 10-минутында Серж Гнабри есеп ашты.

Ал екінші таймда Ельцин Техеда мен Хуан Варгас гол соғып, Коста-Рика алға шықты. Алайда артынша Кай Хаверц дубль жасап, Никлас Фюлкруг гол соғып, Германия жеңісті жұлып әкетті.

Дегенмен, Германияға бұл жеңіс жеткіліксіз еді. Испания Жапониядан жеңілмеуі қажет болатын. Ал жапон футболшылары Испанияны жеңіп кетті - 2:1. Ойынның басында Альваро Мората есеп ашты. Бірақ 48-минутта Рицу Доан, үш минуттан соң Ао Танака гол соғып, жапондар жеңіске жетті.

Осылайша, Жапония құрамасы 6 ұпаймен топта бірінші орын алды. Ал Испания 4 ұпаймен екінші орынды иеленді. Осы екі құрама плэй-офф кезеңіне шықты.

Ал 4 ұпайы бар, бірақ испандарға қарағанда гол айырмашылығы нашар Германия жарыс жолынан шықты. Коста-рика құрамасы болса, үш ұпаймен соңғы орын алды.