Алматылық  «Қайрат» клубының бас бапкері Владимир Вайсс «Зениттің» шабуылшысы Александр Кержаковты өз командасында көргісі келетінін айтты, деп хабарлайды «PROСПОРТ».
 
«Кержаковпен келіссөздер жүргізілгені рас, бірақ толыққанды жауабын клуб басшылығы айтар. Мұндай деңгейлі футболшыларды біздің командаға шақыру қиынның қиыны, әрі Кержаковқа Ресей Премьер-Лигасынан түсіп жатқан ұсыныстар аз емес. Өз басым осындай жоғары деңгейлі ойыншының соңғы уақыттарда Ресей біріншілігінде не себепті ұзақ ойнамағаны түсініксіз », — деді Вайсс «Спорт-экспресс» сайтына.
 
Словакиялық маман тағы да жақында ғана алматылық ұжымға қосылған Анатолий Тимощук жайлы бірер ауыз пікірін білдірді:
 
«Біздің командада негізінен жастар ойнайды. Алайда Тимощук сияқты тәжірибесі мол футболшының жастарға үйретері көп. Шынымды айтсам, мен оның біздің командаға ауысуға келісетініне сенген жоқпын. Бірақ ол клуб басшылығымен және менімен сөйлескенде «Қайратқа» ауысатынын айтты және де сөзінде тұрды. Мұндай ойыншылар бапкердің оң қолы бола алады. Оның командаға көп пайдасын тигізетініне сенімдімін», — деді Вайсс.