«Астана» ФК-ның Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы словениялық «Марибор» ел Суперкубогында жеңіліп қалды, деп хабарлайды «PROСПОРТ».

Былтыр Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен «Марибор» маусымның шымылдығын ашар матчта «Копермен» күш сынасты. Негізгі және қосымша уақытта жанкүйерлер гол көре алмады. Сондықтан ойынның жеңімпазын матчтан кейінгі пенальти сериясы анықтап берді. Бұл тұста «Копер» ойыншылары сәтті ойнап, 3:2 есебімен жеңді.

Естеріңізге сала кетсек, «Астана» мен «Марибор» арасындағы алғашқы матч Словенияда 14-нен 15-ші шілдеге қараған түні Астана уақытымен 00:30-да басталады. Қарымта ойын болса, 21-нен 22-ші шілдеге қараған түні «Астана Аренада» елордалық уақытпен 00:45-те бастау алады.