Атырауда дзюдодан Қазақстан біріншілігі мәресіне жетті. Ел біріншілігінде бапкерлер құрама сапындағы балуандар мен жастардың шеберлік деңгейіне назар аударды. Құрама сапындағы бірқатар балуандар бабында екенін тағы бір мәрте дәлелдесе, ендігі бірі қарсыласына есе жіберіп қойды. Мұндай тартысты белдесулер ерлер арасындағы бәсекеде байқалды. ҚазАқпарат тілшісі еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменовпен сұхбат барысында балуандардың бабы, жастардың белсенділігі және алдағы мақсаттар жөнінде ой бөліскен еді.

- Төрт күнге созылған ел біріншілігінен кейін қандай ой түйдіңіз? Қай салмақ дәрежесінде бәсекелестік жоғары екені аңғарылды? Байқағанымыз, кейбір салмақтарда белгілі балуандар қарсыластарына есе жіберіп қойды. Бұл бәсекелестіктің жоғары болғанын көрсете ме?

- Ешқандай белдесуді бөліп-жарып айта алмаймын. Маған ұнағаны, 73 келі салмақта бәсекелер аса тартысты өтті. Сондай-ақ, 60 және 66 келі салмақтарында да жанкүйерлер қызықты белдесулер тамашалады деген ойдамын. Бұл салмақтарда балуандар арасында бәсекелестік байқалды.

Атап айтсақ, 60 келіде атыраулық Қанат Сейілхан чемпион атанды. Ол былтыр ел біріншілігінде қола жүлдегер атанған еді. Биыл жақсы дайындықпен келген. Бабында екенін көрсетті. Чемпион атанды. Бұл - өте жақсы көрсеткіш. Өздеріңіз білетіндей, аталған салмақта Мағжан Шәмшадин мен Бауыржан Нарбаев болған. Екеуі де жарысқа келді. Алайда, бірінші және екінші айналымнан өте алған жоқ.

Енді 66 келі салмақ дәрежесіне келетін болсақ, былтыр чемпион болған балуан биыл үшінші орынды қанағат тұтты. Ал бұрыннан күресіп жүрген Есет Қуанов деген шәкіртіміз биыл жақсы дайындалып келгенін аңғартты. Нәтижесінде жеңімпаз тұғырына көтерілді.

- Жарыс барысында ұлттық құрамада сынға түсіп жүрген Мағжан Шәмшадин мен Ғұсман Қырғызбаев сынды балуандар қарсыластарына есе жіберіп қойды. Бұл жөнінде қандай пікірдесіз?

- Алдымен Ғұсман Қырғызбаев жайында айта кетсем, ол жарыс барысында сәл сырқаттанып тұрғаны байқалды. Тымау болса да, татамиге шығуға бел байлады. Сондай-ақ, ол жыл бойына бірнеше жарысқа қатысты. Бәлкім, шаршаңқылық байқалған шығар.

Жалпы, сайыс барысында бәрі де болады. Әркім өзінің қателігінен сабақ алады. Бұл балуандарға алдағы уақытта қателік жасамауға мүмкіндік жасайды. Татами төріндегі тартысты бәсекелер алдағы үлкен жетістіктерге жол ашады. Балуандар осы мақсатта тынбай тер төкті. Дайындығы жоғары болғаны жеңімпаз қатарынан көрінді. Ал биыл жетістікке қол жеткізе алмағаны, алдағы жылдарда ол олқылықтың орнын толтырады. Оны биылғы біріншілік барысында айқын аңғардық. Сондықтан балуандарға үнемі дайындығын пысықтап, бабында болуға көңіл бөлуі тиіс. Сонда ғана жоғары нәтижені бағындыруға жол ашылады.

- Енді ауыр салмақтағы балуандар белдесуіне тоқтала кетелік. Онда қандай белдесулер көңіліңізден шықты?

- Биыл 100 келіден жоғары салмақта Абай облысының балуаны Әділ Оразбаев жеңімпаз атанды. Ол былтыр финалда сүрінген еді. Сол кеткен қателігінің орнын толтырды. Негізінде ел біріншілігінде іріктелген балуандарды алдағы уақытта түрлі жарыстарға алып барамыз. Оған алғашқы үш орын алған спортшылар таңдап алынады. Оларды үлкен додаларда сынап көреміз.

- Алда қандай жарыстар күтіп тұр? Балуандар қандай бәсекелерде бағын сынап көреді?

- Биылғы жылдың еншісінде халықаралық деңгейдегі екі үлкен жарыс күтіп тұр. Аталған жарыстар нәтижесі бойынша биылғы жылды қорытындылаймыз.

Ал алдағы жылы Португалия елінде тағы үлкен жарыс күтіп тұр. Одан кейін балуандар Францияда тағы бір бәсекеде бақ сынайды. Осылайша жарыстар жалғаса береді. Сол жарыстарда ел біріншілігінде үздіктер қатарынан көрінген балуандар өз шеберлігін көрсете алады.

- Ел біріншілігінде жастардың белдесуі көңіліңізден шықты ма?

- Биылғы ел біріншілігінде бәсеке тартысты өткенін айта кетейік. Жас балуандар да көңілден шықты. Олардың бабында болуы бізді қуантты. Балуандар тарапынан осындай дамуды байқадық. Бұл - қуанарлық жағдай. Шеберлігі өсіп келе жатқан жастар баршылық. Алдағы уақытта олардың қабілет-қарымын, шеберлігін таразылайтын боламыз.

- Алда - Париж Олимпиадасы. Оған дайындық барысы қалай болып жатыр? Оған ұпай жинау басталып кетті емес пе?

- Рас, ұпай жинау жарыстары басталды. Алдағы жылдың мамыр айына дейін жиналған ұпайдың жартысы ғана есептеледі. Одан кейінгі ұпайлар толықтай жазылады. Соған қарамастан әрбір жарыстың маңызы зор. Әрине, Олимпиадаға берілетін жолдаманы барлығынан күтеміз. Ол уақытта қай балуан бабында болады? Ұпайдың кім көп жинайды? Солар дүбірлі додаға баратын болады.

- Жастарға қандай үміт артасыз?

- Олимпиадаға баратын балуандар қатарында жастарға де мүмкіндік беріледі. Барлығы әркімнің дайындығына байланысты ғой. Жастарда солай ұпай жинап жатса, керемет болады.

Айтқанымыздай, алда көптеген жарыстар күтіп тұр. Олардың әрбірінде балуандар шеберлігін жетілдіреді. Сол арқылы тәжірибесін арттырады. Шәкірттеріме сондай сенім артамын.

- Әңгімеңізге рақмет. Қазақстандық дзюдошыларға үлкен жетістіктер тілейміз. Алдағы жарыстарда жоғары жетістікпен елді қуанта беріңіздер демекпіз.