Еуропа Лигасының шымылдығын бүгін Шымкент қаласында «Ордабасы» мен израильдік «Бейтар» командалары ашты, деп хабарлайды  «PROСПОРТ».
 
Кеш бата басталған ойында өте ыстық ауа-райы өз әсерін тигізді. Бірақ мұндай жағдайға қарамастан сүйікті командаларын қолдауға мыңдаған жанкүйерлер стадионға келді. Алайда, «Ордабасы» көрермендердің артқан үмітін ақтай алмады.
 
Алғашқы таймда аса бір қауіпті жағдай орын ала қойған жоқ. Израильден келген қонақтар да, алаң иелері де ашық футбол көрсетуге асықпады. Бір-бірінің әр қадамын аңдып 30 минутты да өткізіп алды. Тек алғашқы таймның соңына таман Александр Гейнрихтің тепкен добы қақпа бағанасынан сәл қиыс кетті. 
 
Ойынның екінші бөлігінде алаң иелері шабуылды үдете түсті. Қарсылас қақпасының алдында бірнеше қауіпті сәттер туындады. Дегенмен де таблодағы есеп өзгерген жоқ. Александар Гейнрихтің тағы бір дәл соққысын «Бейтар» қақпашысы тоса білді. Бірнеше минуттардан кейін дәл сол Гейнрих қақпадан бірер метр жерден жасаған соққысы маңдайшадан кері қайтты. Шымкенттіктер қанша гол соғуға тырысқанымен бүгін олардың жолдары болмады. Азат Нұрғалиевтің айып алаңының сыртынан бағыттаған соққылары да қақпа торынан табылмады.
 
Еуропа Лигасы, Бірінші іріктеу кезеңі
«Ордабасы» (Шымкент) - «Бейтар» (Израиль, Иерусалим) 0:0 (0:0)
«Ордабасы»: Сидельников, Абдулин, Адырбеков, Малый, Симчевич, Сүйімбаев, Әшірбеков (Толебек 76), Божич, Гейнрих (Петров 90+2), Касьянов, Нұрғалиев.    
«Бейтар»: Кляйман, Асклинн, Клаудемир, Магбо (И. Коэн 73), Матович, Хила, Ацили (Нахмани 64), Жаири, Йерхуам, Габбай, И. Коэн (Замир 54).           
Төрешілер: Дмитрий Мунтян, Андрей Бодян, Денис Борисов (Молдова)
Ескертулер: Нұрғалиев 25, Әшірбеков 34 – Асклинн 37.
2 шілде 2015 жыл, Шымкент, Орталық стадион.