«Қайрат» футзалдан Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі екінші ойында испаниялық «Пальма Футзал» клубымен тең түсті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Кездесудің 9-минутында Дуглас Жуниор өз қақпасына гол соғып алып, испаниялық команда алға шықты. Ал 19-минутта Кайо Руиз таразы басын теңестіре алды.

Екінші таймның басында алматылық команда сапында Игита алаңнан қуылып, «Қайрат» қиындау жағдайда қалған. Дегенмен «Қайрат» сәтті қорғанып, артынша 35-минутта Шыңғыс Есенамановтың көмегімен есепте алға шықты.

Ойын алматылықтардың жеңісімен аяқталуға жақын еді, алайда кездесу соңына қарай «Пальма Футзал» есепті теңестіріп кетті.

Осылайша, «Қайрат» екі турдан соң екі ұпай жинап тұр. Енді 29 қазанда «Спортинг Париж» командасымен кездеседі. Бұл ойында алматылықтар жеңілмесе, келесі кезеңге жолдама алады. Ал «Пальма Футзал» төрт ұпаймен топта көш бастап тұр.