«Қайсар» - «Ордабасы» кездесуінен кейін қызылордалық команданың бас бапкері Дмитрий Огай баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді,  деп хабарлайды «PROСПОРТ».
 
- «Ақтөбеден» кейін қақпасына ең аз гол жіберген команда – «Ордабасы». Әлбетте, қорғанысы мығым екенін білдік. Дегенмен, мүмкіндіктерімізді голға айналдыруымыз керек еді. Бірінші таймда Жасұланда тамаша мүмкіндік болды. Екінші таймда «Ордабасыны» жазалай жаздадық. Ал одан кейін қақпамызға болмашы пенальти белгіленді. Өз өзімізге осылай обал жасадық. Бұл пенальтиді болдырмауға да болар еді.
 
- Йосип Кнежевичтің бүгінгі ойынына қандай баға бересіз?
 
- Оған әлі командаға үйренісіп кету үшін сәл уақыт керек. Әйтпесе, шеберлігіне күмән жоқ. Тәжірибелі ойыншы. Бүгін гол соғып, командаға ұпай сыйлады.
 
- Трансферлік кезеңде басқа жаңа ойыншылар келе ме?
 
- Шынын айтсам, нақты жауабын бере алмаймын. Қиын сұрақ. Әлі де ойыншылар қарастырамыз. Бірақ, көріп тұрсыздар ғой, сынаққа шақырған ойыншыларымыз бір күнге де шыдамай кетіп қалып жатыр.
 
- Ал демалысқа кетіп, келмей қойған Алексей Мулдаровтан хабар бар ма?
 
- Мулдаровты шақыртып жатырмыз. Бұл өзі бірден жауап беру мүмкін емес сұрақ. Сол кеткеннен келмей қалып отыр.
 
- Соңғы кезде команданы қиын кезеңдерге душар болды. Бәлкім, футболшылардың бастарын қосып, көңілдерін көтеру үшін бір «Тимбилдинг» ұйымдастырып жіберу керек шығар?
 
- Мен оны да ойлап көрдім. Бірге киноға бару, табиғат аясында демалып қайту сынды жоспарлар болды. Бірақ ойындар кестесіне қараңызшы. Аптасына екі реттен ойнап кеттік. «Тимбилдинг» тұрмақ, келесі матчқа дұрыс дайындала алмай жүрміз. Пойыздан түсе сала ойынға кіріп кеткендейміз. Дегенмен, бұл күн тәртібінде тұрған нәрсе.
 
Дереккөз: «Қайсар»  ФК ресми сайты