Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Карлес Марторелл Грузия құрамасынан жеңілгеннен кейін қазақстандық жанкүйерлерден кешірім сұрады, деп хабарлайды «PROСПОРТ».
 
- Барлық жанкүйерлерден кешірім сұрағым келеді. Барлық кінә өзімнен. Футболшыларды Президент Кубогының соңғы матчына дұрыс дайындай алмадым. Жылдам гол жіберіп алдық, тез арада барлығын дұрыстау керек болды. Алайда, Грузия құрамасымен ойында мүмкіндік болмады. Балаларды кінәлауға болмайды. Олар тым жас, психологиялық жағынан әлсіздеу. Гол жіберіп алғаннан кейін қателіктерге жиі бой алдырдық. Олардың әрқайсысы алаңда бар күшін салуға тырысады. Алайда, кей жағдайда қолдан келмейді. Грузия құрамасы бізден мықты, дегенмен менің шәкірттерім көп тәжірибе жинады деп ойлаймын. Енді олар өздерімен жұмыс істейді. Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде мұндай нәтижеге жол бермеуге тырысамыз. Өзгерістер енгіземіз. Алайда, бұл жауапкершіліктен босатпайды. 
 
- Турнир алдында үздік үштікке ену тапсырмасын алға қойдыңыз...
 
- Кез келген турнирде алға жоғары мақсат қоямыз. Президент Кубогының алдында Испанияда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Қазақстан футбол федерациясы дайындық жүргізу үшін барлық жағдайды жасады. Алайда, біз күткен нәтиже орындалмады. 
 
- Қатысушы командалардың деңгейін қалай бағалайсыз? 
 
- Биыл барлығының деңгейі жоғары. Турнир сайын деңгейі өсіп келеді. Әр команда жеңіске жетуді мақсат қояды. Жеңімпаздар арасында біздің команда жоқ. Тағы да жанкүйерлердің алдында кешірім сұрап, жақсы ойын мен оң нәтиже алдағы уақытта болады деп уәде етемін.