Футзалдан Қазақстан құрамасының қақпашысы әрі капитаны Игита ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Словения құрамасына қарсы өткен матчтың нәтижесі туралы ойын айтты. Онда қазақстандықтар 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Супер! Үйде ойнау әрқашан жағымды. Ойынға келген жанкүйерлер айғайлап, уайымдап, бізді жеңіске итермеледі. Мен Қазақстанда ойнағанды жақсы көремін, өйткені мұндағы адамдар футзалды шынымен жақсы көреді. Біз үш ұпай жинап, бірінші қадамды жасадық. Біз бірінші орынды алғымыз келеді.

Қарсылас командаға келетін болсақ, олар бір-бірін өте жақсы біледі, олар тәжірибелі. Бірақ мен жеңіске күмәнданбадым. Қиын болды, бірақ біз жақсы ойнадық, біз фаворит болдық. Сондықтан аренаға келіп, ойынды үйде көргендердің барлығына біздің ойын ұнады деп ойлаймын.

2:0 - жақсы есеп, «құрғақ» жеңіс. Маған қақпашы ретінде құрғақ жеңіске жету гол соғудан гөрі жақсы», - деді Игита матч аяқталғаннан кейін.