Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас (1:0) 22 қазанда Ыстамбұлда (Түркия) аса жеңіл салмақтағы UBO International титулы үшін жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Лукастың қарсыласы украиналық Алена Гуриева болады.

«Құрметті қазақстандықтар! 22 қазанда, Ыстамбұл каласында титулдық шайқасым болады», - деп жазды Лукас Инстаграм парақшасында.

Бастапқыда Лукас-Гуриева жекпе-жегі 2 қазанда Алматыда өтеді деп жоспарланған еді, бірақ ұйымдастырушылық қиындықтарға байланысты бокс кеші шегерілген.

Айта кетейік, қазақстандық боксшы осы уақытқа дейін кәсіпқойлар арасында бір ғана жекпе-жек өткізді. Ол былтыр желтоқсан айында Астанада украиналық боксшы Светлана Василевскаяны төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңген болатын.