Индонезияда Маланга стадионындағы тәртіпсіздік салдарынан қаза тапқандар саны 174-ке дейін өсті. Шығыс Яваның вице-губернаторы жергілікті телеарналардың бірінің эфирінде стадиондағы тәртіпсіздік салдарынан қаза тапқандардың саны артқанын айтты.

Эмиль Дардак медициналық мекемеде жүзден астам адамның түрлі жарақатпен түскенін, олардың он бірінің жағдайы ауыр екенін хабарлады. Индонезия футбол қауымдастығының (PSSI) бас хатшысы Юнус Нуси баспасөз мәслихатында Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) трагедия туралы есеп сұрағанын жеткізді.

- ФИФА-мен байланыс болды, ұйым есеп сұрап отыр. Біз санкцияларға ұшырамау үшін ФИФА-мен қарым-қатынаста боламыз, - деді футбол қауымдастығының басшысы.

Индонезия президенті Джоко Видодо қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, полиция бастығы мен PSSI төрағасына тергеуді мұқият жүргізуді тапсырды.