17 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысысы Карлес Марторелл Қырғызстанмен өткен ойыннан кейін шаршаңқы, алайда көңілді көрінді. Шәкірттері 0:1 есебімен ұтылып жатып, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Испаниялық маман келесі ойындарда шәкірттерінің жақсырақ ойнайтынына сенімді. 

- Өз алаңымыздағы алғашқы ойын, сол себепті балалар толқыды. Бірінші таймда команда өзіне-өзі ұқсамады. Үзілістен кейін футболшыларды сабырға шақырып, ойыншыларды ауыстырдық. Нәтижесінде, маңызды жеңіске қол жеткіздік. 

- Ертең Испаниямен ойын күтіп тұр. Футболшылар одан әрі толқымайды ма? 

- Ертең ойынымыз жақсара түсетініне сенімдімін. Біздің алғашқы жеңісіміз, алайда қазір ол тарихта қалды. Ертеңгі ойынға дайындықты күшейту керек. Қарсылас өте мықты. Алайда, біз оңайлықпен берілмейміз. Кез келген командаға тосынсый ұсынуға дайынбыз. 

- Ойын барысында ашуға бой берген сияқтысыз...

- Бұл - менің жұмысым. Ең бастысы нәтиже бар. Ойын сапасымен әлі де жұмыс істейміз. Матчтан матчқа дейін ойынның жақсара түсуі маңызды. Турнирдің ұйымдастырушылары мен бізді қолдайтын жанкүйерлерге рахмет айтамын. 

 
ҚФФ ресми сайтынан