Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Карлес Марторелл Президент Кубогына өз командасының дайындығы жөнінде айтып берді, деп хабарлайды «PROСПОРТ».
 
- Карлес, команданың дайындығы қалай өтіп жатыр, қиындықтар бар ма?   
 
- Дайындық жоспар бойынша жүріп жатыр. Тек бір ғана мәселе, «Қайрат» ойыншылары жиынға ең соңынан келді.  Дегенмен, алда бірнеше жаттығу бар. Олар қойылған талаптарды түсініп, бір-бірімен тіл табыса алады деп ойлаймын. Балалардың физикалық дайындығы қуантады. Жарақат алған футболшы жоқ. Қазіргі сәтте тартысқа толық дайынбыз.
 
- Испанияда оқу-жаттығу жиынын қалай?
 
- Испанияда он екі күндік оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Осындай жиын арқылы біздің команданың деңгейі өседі деп сенемін. Ойыншылар бір-бірін жақсы түсіне бастады, біздің қойған талаптарды да мұқият орындайды. Ойын сапасы өсіп келеді. Бұл өте маңызды.
 
- Футболдан Қазақстан Президентінің Кубогына қайта оралсақ, бұл турнирден не күтесіз? Өз шәкірттеріңіздің алдына қандай тапсырма қойдыңыз?  
 
- Бұл үлкен турнир. Жыл сайын танымалдығы артып келеді. Қатысушылардың географилық аумағы кең. Бұл - оның дәлелі. Біздің қарсыластарымыз Испания, Қырғызстан құрамалары. Олар мықты команда және Астанаға жүлде алу үшін келеді. Қарсыластарымыздың мықты болғаны жақсы. Дәл осындай командалармен ойнау қажет. Бұл команда деңгейінің өсуіне әсер етеді. Жеңілгеннің өзінде команда дамуында өсу байқалады. Келесі жолы кез келген мықты қарсыласты жеңу үшін жігерлене түседі.
 
- Бұл алдағы ойындардың барлығында жеңілуге себеп емес шығар деп ойлаймын?  
 
- Ешқашан. Біз әр ойында сапалы әрі нәтижелі футбол көрсету үшін алаңға шығамыз. Ең бастысы - оң нәтижеге қол жеткізу. Ұтылғаннан ойыннан да басымдық табу психологиялық жағынан қажет. Бұл өте маңызды. Қолды қусырып отырмау керек. Болашақта үлкен жеңістерге жету үшін ойыншыларды еңбек етуге оқтау қажет.  
 
- Испания – турнирдің фавориті. Бұл құраманың ойыншылары неліктен мықты?
 
- Испания футболшылары өте жылдам ойлайды. Олар санаулы сәтте шешім қабылдайды. Осының арқасында қарсыластарының алдын орап, жеңіске жетеді. Бұл кез келген футболшы үшін жақсы қабілет. Біз де осы қабілетті дамытуға тырысамыз.
 
- Қазақстан құрамасы Испаниямен өтетін ойында сәтті ойынды қалай көрсетуі мүмкін?
 
- Біздің команда жақсы. Футболшыларымыз техникалық және физикалық жағынан дамыған. Тактикалық дайындық та өте жақсы. Бізге испаниялық футболшыларды доптан айрыру қажет. Бұл жағдайда олар өз футболын көрсете алмайды. Сұрақтарға шешім табуға тырысамыз.  
 
-  Өзге қарсыластар туралы не айтасыз?
 
- Грузия құрамасының ойыншылары мені қатты таңғалдырды. Оларға қандай тамақ беретінін білмеймін, бірақ олар физикалық жағынан жақсы дамыған.
 
- Қазақстан Президенті Кубогында алға қойған мақсатыңыз?  
 
- Біз финалға шығып, жеңіске жету керекпіз. Жеңіске жетуді қаламасаң, турнирге не үшін қатысасың? Осы мақсатты орындау үшін барлық күшімізді саламыз.  
 
- Турнир тарихында алғаш рет барлық матчтың трансляциясы республикалық телеарнаның тікелей эфирінен көрсетіледі? Бұл туралы не айтасыз?
 
- Өте тамаша. Қазақстанның барлық аумағы біздің ойынымызды көруге мүмкіндік алады. Бұл біз үшін қосымша жауапкершілік, екінші жағынан еліміз толықтай қолдау білдіретіні қуантады. Бізбен бірге болатын жанкүйерлердің барлығына алдына ала рахмет айтқым келеді.
 
Дереккөз: ҚФФ ресми сайты