Футболдан Қазақстан құрамасы мен «Ертістің» футбол клубының капитаны Самат Смақов «PROСПОРТ» тілшісіне берген сұхбатында алаңға қашан оралатынын, Түркиямен өткен ойын жайлы және керекулік клубқа ауысқан жаңа ойыншылар туралы айтып берді. 

- Түркиямен өткен ойында жарақат алған болатынмын. Аяғымның бұлшық етін жарақаттап алдым. Дәрігерлердің айтуынша, жасыл алаңға үш аптадан кейін ораламын.

- Демек, үш аптадан кейін жаттығуларға кірісесіз бе? 

- Иә.

- Қазақстан-Түркия ойыны туралы пікіріңіз қандай?

- 0:1 есебімен ұтылдық. Бірінші таймда жақсы ойнадық. Түркияда гол соғатын мүмкіндіктер тек қана екінші таймда пайда бола бастады. Бурак қақпа бағасына тиді, Булутқа гол соғу үшін сәттілік жетіспеді. Содан соң, Арда Туран жеке шеберлігін көрсетіп, ойын тағдырын жалғыз өзі шешті. 

- Қалай ойлайсыз, бұл әділетті жеңіліс пе? 

- Не болса да, біз жеңілдік. Иә, бұрынғыдай 6 гол айырмасымен ұтылмадық, бірақ қазіргі Түркия құрамасына біз өз алаңымызда жеңілмеуіміз керек. Менің ойымша, бұл команда Түркия тарихындағы ең әлсіз құрама. 

- Сіз қазіргі Қазақстан құрамасы сапында «Орталық стадионында» бірнеше ресми ойын өткізген санаулы ойыншылардың бірісіз... Бұл ойынның Алматыда өтуі қаншалықты маңызды болды? 

- Түркиямен өткен ойынға көп жанкүйерлер жиналды. Бұл ойын Алматыда футболды қаншалықты жақсы көретінін көрсетті. Сонымен қатар, ұлттық құрамасының ойындары Ақтөбе, Шымкент сияқты қалаларда өтсе жақсы болар еді. 

- Түркиямен өткен ойын барысында алаңға «борсықтың» костюмінде бір жанкүйер жүгіріп шықты. Бұл туралы не ойлайсыз?

- «Борсық» алаңға жүгіріп шығып, іші пысқан жанкүйерлерді бір қуантты. Ең бастысы, бұл үшін Қазақстан футбол федерациясын жазаламаса болды. Еліміздің туын да алып шықты. Бірақ, құқық қорғау органдары оны шұғыл ұстап алғанда өз орнымда отыра алмадым. Өзім барып оны алаңнан шығарғым келген. Бірақ мен барайын дегенше оны бірден шығарып тастапты. 

- Қазіргі таңда, Қазақстан құрамасы УЕФА рейтингісінде 54 команданың арасында 50-ші орында жайғасып тұр. Бұл жағдайды түзуту үшін не істеу керек? 

- Мен бұл туралы бірнеше жыл қақсап келемін. Барлығын басынан бастау керек. Балаларға барлық жағдай жасап, өз ойыншыларымызды тәрбиелеуіміз қажет. 

- «Қайрат» сияқты ма?

- «Қайрат» өз үлгісінде қалай жұмыс жасау керек екенін көрсетуде. Алматылық команда өзінің шәкірттері үшін база мен Академиялар салып жатыр. Барлық балалар сонда талпынады. Қазақстанның барлық аймақтарында осылай болса ғой деп тілеймін. 

- Жақында ғана «Ертісті» Димитар Димитров баптай бастады. Команда онымен танысып үлгерді ме? 

- Иә, әрине. Футболдың тілі бәріне ортақ емес пе. 

- Сондай-ақ, Димитров Болгария чемпионатынан төрт ойыншыны шақырды. Бұл футболшылар командаға көмектесе алады ма? 

- Осы сұрақты маған маусымның соңында қойсаңыз мен жауап бере аламын. Бәсекелестік, әрине, болады. Бірақ легионерлер жергілікті ойыншылардан бірнеше есе мықты болуы керек, кері жағдайда бұл футболшыдан не пайда? 

- Қалай ойлайсыз, осы өзгерістер «Ертістің» бірінші алтылыққа енуіне өз пайдасын әкеледі ме? 

- Сол мақсатқа жету үшін жасалып жатқан шаралар емес пе? Команда соңына дейін ойнайды. Үздік алтылыққа ену үшін бар күшімізді саламыз. 

Сұхбат алған: Евгений Петин

Аударған: Қайсар ОҚАС