«Астана» мен Сербия жастар құрамасының жартылай қорғаушысы Неманья Максимович 20 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы әлем чемпионатының финалдық ойыны туралы пікірін айтты, деп хабарлайды «PROСПОРТ».

Айта кетейік, сербиялықтар финалда Бразилия жастар құрамасымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Ойынның 118-минутында жеңіс голын «Астана» ойыншысы салып, әлемдік додада топ жарды.

«Бұл күнді өмір бақи есімде сақтаймын. Мен бұл турнирде әр минутты алаңда өткіздім, қосымша уақытта шаршағанымды сезгенімде, іштей өзіме бұл матчта жеңіске жетуіміз керектігін айттым. Сербия Республикасындағы барлық сербтерді құттықтап, өз ата-анама алғысымды айтқым келеді. Адамдарға бақыт сыйлау – бұл тамаша сезім, ал бүгін біз бүкіл Сербияны бақытты қылдық», - деді Неманья Максимович.