Күрес түрлерінен Белградта (Сербия) өтіп жатқан әлем чемпионатында грек-рим күресінен Қазақстан командасының мүшесі Айдос Сұлтанғали қола медальға таласады.

60 келіде ел намысын қорғаған Айдос жартылай финалда қырғызстандық Жоламан Шәршенбековпен белдескен болатын. Өкінішке қарай, аталған кездесуде Айдос Сұлтанғали 0:7 есебімен қарсыласқа есе жіберді.

Енді ол қола жүлдеге таласады. Аталған белдесу 13 қыркүйек күні 22:00-де басталады. Еске салсақ, грек-рим күресінен Қазақстан командасының мүшелері Амангелді Бекболатов пен Ибрагим Магомадов қола жүлде үшін күресіп, ұтылып қалған болатын. Әзірге Қазақстан командасының еншісінде бірде-бір медаль жоқ.