Испаниялық, 19 жастағы Карлос Алькарас алғаш рет АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Испаниялық теннисші осыған дейін әлемдік рейтингіде төртінші орында тұрса, оның финалдағы қарсыласы, 23 жастағы норвегиялық Каспер Рууд 7-сатыда еді. Бұл олардың «Үлкен дулыға» турниріндегі алғашқы финалы еді.

Дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, US Open жарысының өткен жылғы жеңімпазы, ресейлік Даниил Медведев ширек финалда аустралиялық Ник Кирьостан ұтылып қалғаннан кейін К.Алькарас пен К.Руудтың қай жеңгені әлемнің бірінші ракеткасы атанатын еді.

Бұған дейін қарсыластар екі рет кездесіп, испаниялық спортшы басым түскен болатын. АҚШ ашық чемпионатының финалында да К.Алькарас ойын тізгінін уысынан шығарған жоқ - 6:4, 2:6, 7:6 (7:1), 6:3. Үш сағат 23 минутқа созылған кездесуде Алькарас 14 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Рууд 4 эйс, 3 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Карлос Алькарас теннис тарихында әлемдік рейтингіде көш бастаған ең жас спортшы атанады. Ол 2,6 млн АҚШ доллары көлемінде табыс тауып, 2 мың рейтингілік ұпайға ие болды. Екінші ракетка атанатын Каспер Рууд 1,3 млн долларға қоса 1300 ұпайға қол жеткізді.

Қазақстандық теннисшілер АҚШ ашық чемпионатында сәтті өнер көрсете алған жоқ.