«Жетісу» футбол клубында өнер көрсететін Бауыржан ТҰРЫСБЕК «PROСПОРТ» тілшісіне берген сұхбатында команданың алдына қойылған мақсаты жайлы әңгімелеп және жанкүйерлерге деген ризашылығын білдірді.

 

- Бауыржан, жалпы сіздің өнер көрсететін командаңыз, дәлірек айтқанда Жетісу футбол клубы әзірге ауыз толтырарлықтай нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Себебі неде?
 
- Нәтиже жоқ екені рас, себебі бірден командалық ойын көрсетіп кету қиын. Жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрміз, бірақ та ұпайымыз көбеймей жатыр. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасаймыз.
 
- Асқар Қожабергенов мырзаның бас бапкер қызметінен алынуы команда ішіндегі көңіл-күйге қалай әсер етті?
 
- Футболда мұндай жағдайдың болуы қалыпты нәрсе. Көп уақыт Асқар ағамен жұмыс жасадық, әрине, қызметінен кеткені көңілімізге қаяу түсірді. Бірақ бас бапкер кетті екен деп,
ойнамай қоюға болмайды ғой, ары қарай жұмыс жасадық.
 
- Жалпы, Асқар мырзаның жетекшілігімен жарты жылға жуық ойнадыңыздар. Ол кісі туралы қандай ой түйдіңіз?
 
- Мен Асқар мырзаны 2011 жылы «Сұңқар» командасында ойнағаннан бері танимын. Танымал бапкер әрі жақсы адам деп айта аламын.

 

 

- «Жетісу» жарыс кестесінде соңғы орында. Алдағы уақытта команданың алдына қандай мақсаттар қойылды?
 
- Біріншіден, алда болатын «Шахтерге» қарсы ойында жеңіске жету. Ал жалпы қалған үйде өткізетін кездесулерде жеңіп, сырта барынша көп ұпай жинауға тырысу. 
 
- Соңғы ойында сырт алаңда «Ертіс» командасынан 1:0 есебімен ұтылдыңыздар. Ұпай еншілей алмауға не себеп болды?
 
- «Ертіске» қарсы матчта біз жақсы ойнадық, тіпті ұтуға да мүмкіндігіміз болды. Алайда керекуліктер өз мүмкіндігін пайдаланып кетті, ал біз жоқ. Бар себебі осы.
 
- Қазақстан Кубогында Атырауға қарсы ойынның 79-шы минутында гол соғыпсыз. Әзірге осы маусымдағы жалғыз голыңыз...
 
- Әзірге, бірақ алдағы ойындарда көп гол соғуға тырысамын әрі сенімдімін.

 

 

- Команда ауыстыру ойыңызда бар ма? Басқа клубтардан ұсыныс түсті ме?
 
- Жоқ, ұсыныс түспеді. Өзімнің де команда ауыстыру ойым жоқ.
 
- Осы маусымдағы «әттең-ай, жеңетін едік» деп еске алатын және «көңілімнен шықты» дегендей ойындар бар ма?
 
- «Ордабасыға» қарсы ойында жеңіске жетуге жақын болдық, ойынымыз да жақсы болды. Бір гол соққанымызда, оны санамай қойды. Тағы «Ертіспен» өткен ойында 3 ұпайды уысымыздан шығарып алдық.
 
- Сіздің клубыңыз жанкүйерлермен кездесу ұйымдастырды. Қатыса алдыңыз ба?
 
- Иә, қатыстым.
 
- Не туралы айтылды? Жанкүйерлердің команданың нәтижесіне көңілі толады ма?
 
- Жанкүйерлердің көңіл-күйі жоқ, командаға ренішті. Алда болатына ойындар жайлы пікірлесіп және қалған кездесулерге қандай мақсат қойылғанын талқыладық.

 

 

- Қазақстан - Түркия матчын стадионнан көре алдыңыз ба? Жалпы осы ойын жайлы өз пікіріңіз...
 
- Иә, стадионнан көрдім. Негізі Ұлттық құрамамыздың ойыны маған ұнады, бірінші таймда жақсы ойын өрнегін көрсеттік. Ал екінші бөлікте Түркия құрамасы мықтылығын көрсетті. Туран испандық «Атлетико» клубында бекер ойнамайтынын дәлелдеді. Бірақ менің ойыннан алған әсерім, біздің құраманың ойынында ілгерлеу бар. Жеңіс келетініне сенімдімін.
 
- Соңғы бір сұрақ, жалпы қазақ футболының жоғарғы деңгейге көтерілмей жатқанына не себеп деп ойлайсыз?
 
- Менің жеке пікірім, деңгейіміз біраз көтерілді. Жақын арада оған бәріміздің көзіміз жетеді деп ойлаймын.
 
- Жанкүйерлерге айтар сөзіңіз...
 
- Жанкүйер - әрдайым командамен бірге болады: жеңісте де, жеңілісте де. Жанкүйерлердің үмітін ақтауға бар күшімізді саламыз. Бізге қолдау көрсеткен барлық жанға рақметімді айтамын.