Астаналықтар үстел теннисінен Азия чемпионатының жүлдегері Алан Құрманғалиевті елорда әуежайынан қарсы алды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жұртшылық жас спортшыны әуежайдан шашу шашып, домбырамен ән айтып, ерекше көңіл-күймен күтіп алды.

«Мені күтіп алып, құрмет көрсетіліп жатқанына өте қуаныштымын. Осынша халық болады деп күтпедім. Таяудағы жоспарға келсек, Алматыда үстел теннисінен халықаралық турнир өтеді, сонда бақ сынаймын. Азия чемпионатына дейін бірнеше рет республикалық және халықаралық турнирлерге қатысып, жеңіске жеткенмін. Дегенмен бұл жарыстың жөні бөлек», - деді Алан Құрманғалиев тілшілерге сұхбат бере тұрып.

Айтуынша, 15 жастағы қарағандылық жасөспірім үстел теннисімен 8 жасынан айналысып келеді.

Сондай-ақ жас теннисші ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке құттықтауы күтпеген сый болғанын айтты.

«Басқа-басқа Президенттің өзі хабарласып құттықтайды деп күтпедім. Жеңісіммен құттықтап, дайындықты одан әрі жалғастырып, осы бетімнен қайтпай, ірі жеңістерге жете беруіме тілек білдірді», - дейді ол.