«Динамо Алматы» жеке балалар хоккей клубының негізін қалаушы әрі бапкері Юрий Богайчук наразылық білдіруге бел буды, деп жазады Prosports.kz.

Ол Нұр-Сұлтандағы «Бәйтерек» монументінің алдында наразылық танытып отыр, өзімен бірге төсек-орнын ала барған Юрий мәселе шешілмейінше кетпейтінін айтады. Бұл туралы Orda.kz телеграм-арнасы хабарлады.

«Қазірден бастап аштық жариялаймын, мұз мәселесі мен аренаны басқарушы компания мәселесі шешілмейінше жалғастыра беремін», - дейді жаттықтырушы.

Мәселе «Халық Арена» мен «Алматы Арена» мемлекеттік мұз айдындарын басқаратын M-Line жеке компаниясы туралы болып отыр. Жаттықтырушының айтуынша, 500-ге жуық бала жаттығатын клуб мұз айдынысыз қалған. Оның айтуынша, Аренада бәрі тәртіптен шығып кеткен, қазір ол жерде тек концерттер өтеді, ал спортшылар назардан тыс қалды.