Аса ауыр салмақтағы британдық боксшы, WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы Тайсон Фьюри рингке оралып, Александр Усикпен жұдырықтасуға дайын, бірақ ол үшін кем дегенде 150 миллион еуро алғысы келеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Сәуір айында Тайсон Фьюри кәсіпқой спорттан кеткенін жариялады, бірақ кейінірек оралып, Дерек Чисорамен жекпе-жек өткізетінін мәлімдеді.

Бірнеше күннен кейін боксшы спорттан кететінін тағы да жариялады.

21 тамызға қараған түні Александр Усик Энтони Джошуаға қарсы жекпе-жекте жеңіске жетіп, ауыр салмақтағы WBA Super, WBO, IBO және IBF чемпиондық атағын қорғады.

Жекпе-жектен кейін Усик Фьюриге қарсы шығып, тек онымен жұдырықтасатынын мәлімдеді.

Фьюри өз кезегінде Усикті барлық белбеуінен айырып тастайтынын, бірақ қомақты ақшаға қайтып келетінін айтты.