Жартылай орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Сергей Липинец АҚШ-тың Флорида штатындағы Голливуд қаласында өткен Showtime бокс кешінің басты кездесуінде өнер көрсетті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Ол америкалық Омар Фигероамен жартылай орта салмақтағы WBC Silver титулы үшін жұдырықтасты.

Сонымен бірге, бұрынғы әлем чемпионы Эдриен Бронер жекпе-жектен бас тартқан соң, Сергей жекпе-жекті қысқа мерзімде қабылдады.

12 раундқа есептелген жекпе-жек белгіленген қашықтыққа созылмады. Екінші раундта Сергей қарсыласын нокдаунға түсірді, ал сегізінші үш минуттық кезеңнен кейін Фигероаның бұрышы айқасты жалғастырудан бас тартты. Осылайша, Сергей Липинец мерзімінен бұрын жеңіске жетті (техникалық нокаут).

Липинец мансабындағы 17-ші жеңісіне қол жеткізді.

Айта кетейік, Сергей Липинец Ақтөбе облысындағы Мәртөк ауылының тумасы, бірақ бала кезінен Ресейде тұрады. Boxrec.com сайтында оның профилінде бұрын Ресей азаматтығы көрсетілсе, осы жылдың наурыз айында ол қазақстандық болып өзгерді.

Жекпе-жек алдында ринг-диктор да Липинецті Қазақстан өкілі деп жариялады.