Алматы қаласында Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шара барысында Кеңес Рақышев, ҚБФ атқарушы директоры Азиз Қожамбетов, республикалық Спортты дамыту дирекциясының директоры және ҚБФ вице-президенті Маратбек Мықтыбеков, Алматы қаласы бокс федерациясының президенті Ержан Қосмамбетов былғары қолғап шеберлеріне, олардың бапкерлері мен Ұлттық құрамадағы кешенді-ғылыми топ өкілдеріне қаржылай сертификат табыстады.

«Өздеріңіз білетіндей, Ыстамбұлда 72 елден келген 300-ден астам таңдаулы спортшы жүлдеге таласты. Бұл сында да біздің қыздар толық құрамда өнер көрсетіп, лайықты нәтиже көрсетті. Осы тұста бұл біз үшін ең табысты әлем чемпионатының бірі болғанын атап өтуге болады. Өзім осы әлем чемпионатында болып, финалда Алуа Балқыбековаға қолдау көрсеттім. Өз басым біздің жарқын жеңістеріміз әлі алда деп сенемін. Бәріңізге тынбай еңбек етіп, қайсарлық танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын», - деді Кеңес Рақышев құттықтау сөзінде.