13 тамызда Ақтау, Түркістан, Павлодар және Алматы қалаларында футболдан Қазақстан кубогы топтық кезеңінің қорытынды 6-турының төрт ойыны өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 19:00-де Ақтаудағы «Жас Қанат» стадионының алаңына жергілікті «Каспий» мен оралдық «Ақжайық» кездеседі. «Каспий» әлі де плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін сақтап отыр, бірақ бұл үшін ақтаулықтарға екі доп айырмасымен жеңіске жету керек. Оралдықтар алаң иелеріне лайықты қарсылық көрсететіні сөзсіз.

Ақтаудағы матчпен бір мезгілде «Мақтаарал» - «Тараз» кездесуі басталады. Оңтүстіктің екі командасы С тобындағы бірінші орынды сарапқа салады.

А тобындағы екі кездесу елорда уақытымен 21:00-де басталады. Шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда павлодарлық «Ақсуға» қарсы ойында жеңіске жетуге тырысады. Дегенмен, олар плей-оффқа жолдама алу үшін «Атырау» Алматыда «Қайраттан» жеңіліп қалуы керек.

«Қайрат» өзіне А тобында бірінші орынды қамтамасыз етті, дегенмен «сары-қаралардың» бапкерлер штабы «Атырауға» қарсы матчқа толығымен қосалқы құрамды шығаратыны екіталай, өйткені олар өз жанкүйерлері алдында жеңіске жетуі керек.

«Қайрат» - «Атырау» кездесуін Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Трансляцияны мына СІЛТЕМЕ арқылы көруге болады.

Фото vk.com/fc_atyrau