Конференциялар лигасының 3-іріктеу кезеңіндегі матчта «Тобыл» босниялық «Зриньски» командасымен тең түсті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Боснияда өткен алғашқы матчта «Зриньски» 1:0 есебімен жеңген болатын. Сондықтан қарымта ойында қостанайлықтарға тек жеңіс қажет болды.

Дегенмен, үзіліске дейін қонақтар алға шықты. 34-минутта Марио Чуже есеп ашқан. Ал екінші таймда қостанайлықтар есепті теңестіре алды - Серж Дебле қанжығасын майлады.

Ал матч соңына қарай қорғаныстағы қателіктен соң қақпашы Александр Мокин ойын тәртібін бұзуға мәжбүр болып, алаңнан қуылды.

Осылайша, «Тобыл» өз алаңында жеңе алмай, Конференциялар лигасымен қоштасты. Еурокубоктарда қазақстандық клубтар қалған жоқ. Бұған дейін «Астана» мен «Қайрат», ал бүгін «Қызыл-Жар» еурожорығын аяқтаған еді.

Конференциялар лигасы.

Үшінші іріктеу кезең. Екінші матч.

Бірінші матчтағы есеп - 0:1

«Тобыл» (Қостанай, Қазақстан) - «Зриньски» (Мостар, Босния және Герцеговина) 1:1 (0:1)

Гол: Чуже 34, Дебле 53

Алаңнан құылды: Мокин 80

Төреші: Вербумен (Бельгия)

11 тамыз. Қостанай. «Орталық» стадион