Елордада өтіп жатқан дзюдодан Азия біріншілігінде ел құрамасы қоржынына алғашқы алтын медаль түсті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстандық Данияр Шәмшиев 73 келі салмақта чемпион атанды. Ол финалда өзбекстандық Муроджон Юлдошевтің осал тұсын тапты.

Белдесу өте жылдам аяқталды. Данияр қарсыласының әлсіз тұсын байқап, «иппонға» қол жеткізді. Нәтижесінде белдесу уақытынан ерте тоқтатылды.

Еске салсақ, бұдан бұрын құрлықтық додада әйелдер арасында Абиба Абужакынова (48 келі) күміс медаль алды. Ал ерлер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Мағжан Шәмшадин пен Ғұсман Қырғызбаевтың (66 келі) қола жүлдеге қол жеткізді.

Айта кетейік, құрлықтық дода 7 тамыз күні мәресіне жетеді. Аталған додаға Азияның 19 елінен келген 200-ден астам балуан 14 салмақта бақ сынауда. Олардың қатарында еліміздің атынан 18 балуан қатысып жатыр.