Қазақстанда 800 мыңнан астам фуболмен жүйелі түрде айналысады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловты жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда спорттың бұл түрімен (футболмен) жүйелі түрде 800 мыңнан астам адам шұғылданады, оның 62 пайызы - ауылдық жерлерде. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футболмен 37 мыңнан астам бала айналысады. Футболмен айналысу үшін 280 стадион және 148 футбол манежі жұмыс істейді. Сонымен қатар бүгінгі күні 400-ден астам дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар. Олардың көпшілігі футбол алаңдарымен қамтамасыз етілген. Жалпы білім беру және спорт мектептерінде 7 000-нан астам футбол алаңдары қарастырылған. Кәсіби клубтардың жанында 7-18 жастағы 7 мыңға жуық баланы қамтитын 17 футбол орталығы мен екі академия қызмет етеді», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, Қазақстан Футбол федерациясы қызметінің негізгі бағыттарының бірі − жаттықтырушыларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру. Федерация УЕФА-ға қосылып, еуропалық әдістемелер бойынша мамандар даярлау құқығына ие болды. Түрлі деңгейдегі жаттықтырушыларға Еуропа елдерінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін санаттар тағайындалды. Курстарды, сабақтар мен семинарларды өткізуге отандық және шетелдік мамандар белсенді тартылады.

«Соңғы 10 жылда федерация УЕФА-ның 700-ден астам бапкерін даярлады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 28 кәсіби футбол клубы өнер көрсетеді, оның ішінде 14 клуб премьер-лигада, 7 − бірінші лигада және 7 − екінші лигада. Халықаралық тәжірибенің негізінде 2015 жылы Қазақстанда футбол жарыстарын өткізу регламентіне «қазақстандық футбол тәрбиеленушісі» деген ұғым енгізілді. Елімізде тіркелген 333 кәсіби футболшының 210 (63%) қазақстандық футболдың тәрбиеленушілері. Футболдан ұлттық чемпионаттың ережесіне сәйкес премьер-лига клубы 8 легионерді ғана мәлімдей алады, бір уақытта алаңға 6 легионер шыға алады. Бірінші лиганың клубтары 3 легионерді ғана шақыра алады. Қалған футболшылар қазақстандық футбол тәрбиеленушілері болуы тиіс. Екінші лига клубтарына легионерлерді шақыруға тыйым салынған», - деді Әлихан Смайылов.