Қазақстандық Григорий Ломакин жұптық сында Милан челенджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ломакин украиналық Владислав Манафовпен бірге бастапқы кездесуін жарыстың бірінші ракеткалары, америкалықтар Натаниэль Лэммонс – Джексон Уитроумен өткізді. Қазақстандық-украиналық жұп бірінші партияда тартысты тай-брейкте ғана есе жіберді – 6:7 (10:12). Есесіне екінші сетте қарымта қайырды – 6:3. Супер тай-брейкте Ломакин мен Манафов 2:7 есебімен ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды – 10:8. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матч барысында қазақстандық-украиналық жұп 6 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін өз есептеріне жазды. Олардың ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады. Америкалық жұп биылғы жыл басында елордада өткен ATP Forte Challenger 125 жарысында чемпион атанған болатын.