«Атырау» - «Ақтөбе» матчы алдында Атырауда болған жанкүйерлер төбелесі жайлы ресми ақпарат шықты, деп жазады Prosports.kz.

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметі кінәлі азаматтар қандай жазаға тартылғанын хабарлады.

- 2022 жылы 20 маусымда Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 28 адамға қатысты 28 іс қаралды (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабының 1-бөлігі).

Сотта анықталғандай, құқық бұзушылар қоғамдық орында, Атырау қаласы, Әуезов көшесінде орналасқан «Мұнайшы» спорт кешенінде «Атырау»-«Ақтөбе» футбол командалары арасындағы матч басталар алдында төбелесіп, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзған.

Сот әкімшілік жаза қолдану барысында олардың кінәсін ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерді, ал кінәсін мойындағанын, отбасылық жағдайын, әкімшілік құқық бұзушылықты бірінші рет жасағанын олардың жауаптылығын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.

Сот 2 тұлғаға қатысты әрқайсысына 15 315 теңге, ал қалған 26 тұлғаға қатысты әрқайсысына 10 721 теңге айыппұл салу шешімін шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.