Алматыдағы NFC 40 турнирінде қазақстандық файтер Елжан Әлиасқар ресейлік Григорий Поповты 20-шы секундта жеңді.

Елжан Әлиасқар Naiza лигасындағы жолын былтыр бастап, үш жекпе-жек өткізіп үлгерді. Бұл жолы Елжан Әлиасқар тәжірибелі файтермен кездесті. UFC-дің бұрынғы файтері Григорий Попов былтыр Naiza лигасымен келісімшартқа отырып, алғашқы айқасында Сержан Сапарғалиевті нокаутпен жеңген еді.

Елжан Әлиасқар тәжірибелі қарсыласын жеңгеннен соң Prosports.kz тілшісіне пікірін айтты.

– Бапкерлерімнің, Dar Team ұжымының еңбегі және жақсы дайындықтың жемісін көрдік. Қарсыласым бір-екі соққы жасағаннан кейін торға тақалып, тұрып қалды. Қорғанысы мығым болғанымен, кейінгі соққыларым дарыды. Ол отырғанда күресуге шап бере ме деп ойладым. Бірақ сонда да тоқтамай соққыларымды жаудыра бергенім сол еді, жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

– Ендігі жоспарың қандай?

– Алдағы екі-үш айда 61 келіде NFC-дің чемпиондық белбеуіне талассам деймін.

Чемпион қырғыз спортшысы белбеуден бас тартты деген ақпарат бар…

– 61 келінің рейтингінде жоғары тұрған барлық спортшы менің командаластарым. Оларға қарсы жұдырықтасқым келмейді. Ал басқа кез келген қарсыласқа дайынмын. Құдай қаласа, белбеуді аламын.