Қазақстан құрамасы мен «Ақсу» футбол клубының ойыншысы Айбол Әбікен допинг дауы туралы алғаш рет мәлімдеме жасады, деп жазады Prosports.kz.

Спортшы ресми мәлімдемесін инстаграм желісіндегі жеке парақшасында жариялады.

- Ассалаумағалейкум, Қазақ елі, спорт жанкүйерлері! Кейінгі кезде менің басымда болған жағдайдан өздеріңіз де хабардар боларсыздар. Есімді енді жиып жатырмын...Байыбына бармай жатып қаралағандар да, қолдау көрсетіп демегендер де табылып жатыр. Өмірдің заңы сол ғой...

Кәсіпқой спорт жанкештілікті талап етеді. Қателікті кешірмейді...

Ес білгелі төсегім жасыл алаң, жастығым доп болды. Үйде болғаннан түзде жүргенім көп. Әкем жетелеп үлкен додаға қосқанда адамның ала жібін аттамауды, кісі баласына қиянат жасамауымды мықтап тапсырды. Сол сәттен бері Әке сенімін ақтауға тырысып келемін. Әке-шешем қарапайым жандар, бірі құрлыс саласында, бірі үй шаруасында. «Аға-көкесіз» шелектеп төккен тер мен қажырлы еңбектің арқасында ұлттық құрама ойыншысы деңгейіне дейін көтерілдім. Ұлттық құрама ойыны болсын, клубтық деңгейдегі кездесулер болсын аяғымды тартып қалған кезім жоқ! Жасыл алаңда жанымды берсем де намысымды берген жоқпын.

Айтуға ауыз бармайтын жаңалықты естігенде төбемнен жай түскендей болды. Бір нәрсені айтқым келеді. Менің арым таза!

Әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған, отбасында көрген тәлім-тәрбием мені дәл осындай арам жолдан аулақ ұстады. Өтіріктің құйрығы бір ақ тұтам. Қалғанын уақыттың еншісіне қалдырдым. Күркіреген жауыннан соң күннің ашылатыны сияқты жамандықтың артынан жақсылық келеріне сенемін!Құрметті жанкүйерлер, осы күнге дейінгі қолдауларыңызға мың да бір рақмет. Сіздерді сары уайымға салғызып қойғаным үшін кешірім сұраймын. Барлықтарыңызға амандық тіледім! Аққа Құдай жақ...Құрметпен,Айбол Әбікен, - деп жазды футболшы.