Қазақстандық жас теннисшілер Түркия мен Арменияда 14 жасқа дейінгілер арасында өткен Tennis Europe жарыстарында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Армения астанасы Ереван қаласында екінші санаттағы Gold Gym Yerevan Cup турнирінің финалдарында қазақстандықтар өзара бас жүлдені сарапқа салды.

Жекелей сында елордалық Мансұр Шәкен Еуропа рейтингісінде көш бастап келе жатқан алматылық Заңғар Нұрланұлын тартысты бәсекеде 6:2, 3:6, 6:1 есебімен ұтты. Бұл Мансұрдың жекелей сындағы алғашқы титулы еді.

Жұптық сында Заңғар Нұрланұлы чемпиондық тұғырға көтерілді. Ол армениялық Микаел Аванесянмен бірге соңғы бәсекеде қазақстандықтар Мансұр Шәкен – ақтөбелік Демид Горбачевтан айласын асырды – 6:3, 6:2.

Түркияның Адана қаласында өткен осындай додада қазақстандық жас теннисшілер жұптық сында сәтті өнер көрсетті. Қыздар арасында ақтөбелік Ева Корышева елордалық Аружан Нұранбаймен бірге финалда корт иелерін 6:3, 6:0 есебімен ойсырата жеңді.

Жекелей сында Е.Корышева жартылай финалға дейін жетіп, пәкстандық теннисшіге жол берді – 3:6, 3:6.

Ұлдар арасында алматылық Михаил Мищенко астаналық Дамир Дүйсенғазинмен бірге шешуші матчта ақтөбеліктер Тэмуджин Ескендіров пен Даниел Юреклиді 6:1, 6:1 есебімен тізе бүктірді.