Алматылық клубпен қарағандылық «Шахтер» кездесулерінің тарихы 1950-ші жылдың басынан бастау алады.

«Қайрат» және «Шахтер» арасында ресми түрдегі ойын алғаш рет 1958 жылы 25 мамырда өткен. КСРО біріншілігінің Бірінші лигасында өткен ойында, алматылық ұжым сырт алаңда 3:0 есебімен жеңіске жеткен.

КСРО кезіндегі біріншілікте, алматылықтар «кеншілермен» 8 ойын өткізген, 5 ойында алматылықтар, 2 ойында қарағандылықтар жеңіске жеткен, 1 ойын тең аяқталған.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, «Қайрат» және «Шахтер» арасындағы тартыс Қазақстан чемпионатында өз жалғасын тапты. Екі команда 1992 жылы 10 қазанда, ішкі біріншілік аясындағы бірінші ойындарын өткізді. «Орталық» стадионда «Қайрат» 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Екі команда барлығы 86 мәрте кездескен, 41 ойында алматылықтардың мерейі үстем болған, 22 кездесу тең аяқталып, 23 ойында «кеншілер» жеңіске жеткен.

Қарағандылықтарға қарсы «Қайраттың» ең ірі жеңісі, 2014 жылы 29 тамыз күні, Алматы қаласында болды. Кездесу Владимир Вайсс шәкірттерінің пайдасына 6:1 есебімен аяқталған.