Таиландтың Пхукет қаласында бокстан халықаралық Thailand Open-2022 турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz.

Бүгін, 5 сәуірде 7 қазақстандық боксшы жартылай финал жолдамасын сарапқа салды.

63 келіге дейінгі салмақта екі боксшымыз өнер көрсетті. Санатәли Төлтаев Қытай Тайпейінен келген Чу-Эн Лайды, ал Сұлтан Мусинов вьетнамдық Ву Тан Датты жеңіп, жартылай финал жоламасына ие болды.

69 келіде команда капитаны Асланбек Шымбергенов филиппиндік Маржон Пианарды сенімді жеңді.

75 келіде де екі отандасымыз бақ сынады. Бірақ біреуі ғана 1/2 финалға өтті. Тимур Нурсейітов үндістандық Сумиттен жеңіліп, жарыс жолын аяқтады. Ал Аятулла Тәкіжанов таиландтық Борворн Кадамнуанды жеңіп, келесі кезеңге шықты.

Ал 91 келіде шаршы алаңға шыққан қос қазақстандық та жартылай финалға жолдама алды. Сағындык Тоғамбай вьетнамдық Нгуйен Ман Куонды жеңсе, Айбек Оралбай үндістандық Гаурав Чауханнан басым түсті.

Осылайша, бүгін шаршы алаңға шыққан жеті жерлесіміздің алтауы жартылай финалға жолама алды.

Айта кетейік, Thailand Open-2022 турнирі 9 сәуірде аяқталады.