Аты аңызға айналған америкалық боксшы Мухаммед Алидің жиені Нико Али Уолш (Алидің қызы Рашиданың ұлы) қазақстандық Әбілхан Аманқұлмен спарринг өткізді, деп жазады Prosports.kz.

Аманқұл қазір Suleimen Promotions компаниясында кәсіпқой бокстағы дебютін өткізуге дайындалып жүр. Спортшылар Лас-Вегастағы Top Rank промоутерлік компаниясының спорт залында жаттығып жатыр.

Промоушен Instagram желісіндегі парақшасында Нико мен Әбілханның спаррингтен кейін бірге түскен суретін жариялады.

Айта кетейік, 21 жастағы Нико Али Уолш орта салмақта жұдырықтасады. Кәсіпқой рингте төрт жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жетті (үшеуін нокаутпен). Ал Аманқұл — әуесқой бокстан 2017 жылғы әлем чемпионы, 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері және 2017 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері.