Орта салмақта IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареспен үшінші жекпе-жек туралы пікірін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Жапониядағы жекпе-жектен аттап өтуге болмайды. Бұл керемет кездесу, бар ойым сонда. Шынымды айтсам, Канелоны жақсы танимын, екеуіміз екі жекпе-жек өткіздік, бүкіл уақыт бойы үшінші кездесуді ойлап жүрген жоқпын. Бұл міндетті немесе ғажайып дүние деп есептемеймін. Менің жағдайым анық - қазір бар ойым Жапониядағы жекпе-жекте», — деді Головкин Reuters басылымына.

Головкин 9 сәуірде Сайтамада Риота Муратамен жекпе-жек өткізеді. Головкин жеңіске жетсе, қыркүйекте Сауль Альвареспен жұдырықтасады деп күтіледі.