Полицейлер сотқа дейінгі тергеу барысында Теміртауда футзалдан өткен турнирде болған жаппай төбелеске қатысушылардың барлығын анықтады, деп хабарлайды Prosports.kz ақпарат агенттігі BaigeNews.kz сайтына сілтеме жасап.

Қарағанды ​​облысы ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 21 наурызда Теміртау қаласындағы спорт кешендерінің бірінде шағын футболдан турнир ұйымдастырылды.

«Екі команданың ойыны кезінде спортшылардың бірі ереже бұзып, қарсылас команданың ойыншысын итеріп жіберді. Жанжал соңы төбелеске ұласты», - деді полиция.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен (Бір топ адамдар жасаған бұзақылық) қылмыстық іс қозғалды.

Төбелеске қатысушылардың барлығына қатысты сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулылар шығарылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Бұрын хабарланғандай, жаппай төбелеске «Имсталькон» және «Ақ жол» командалары қатысты.