20 наурызда қазақстандық файтер Мақсат Есболатов ресейлік Рамазан Кадиевпен жекпе-жек өткізеді. Файтерлер ALASH PRIDE FC чемпиондық титулын сарапқа салады. Ивент Ақтөбеде болады.

Prosports.kz тілшісі жекпе-жек алдында Рамазан Кадиевпен сөйлесіп, кездесуге дайындығы, қарсыласы, Қазақстан туралы ойын сұрады.

- Рамазан, қазақстандық жанкүйерлер сіз туралы көп біле бермейді. Өзіңіз туралы қысқаша айтып беріңізші. ММА-ге қашан келдіңіз?

- Мен аралас жекпе-жекке 14 жасымда келдім. Әдетте кез келген файтердің қандай да бір мықты тұсы болады: күрес не грэпплингтен білім базасы дегендей, менің ешқандай базам болған жоқ. Бірден ММА-ге келдім. Ал 18 жасымда алғашқы кәсіпқой жекпе-жегімді өткіздім. 20 жасымда рекордым 5-0 болды, жақсы деңгейдегі файтермін деп сезіндім. Бірақ ешқашан босаңсымау керегін білемін. Дегенмен қатарынан бес рет жеңген соң сәл босаңсыдым. Соның салдарын көрдім. Кейінгі кезде жаттығуға көп көңіл бөлемін. Сондықтан қазақ жанкүйерлері мені және жекпе-жекті ұмытпайды деп ойлаймын.

- Алдағы жекпе-жекке дайындығыңыз қалай өтіп жатыр?

- Дайындығым жақсы өтіп жатыр. Күреске де, соққыға да – бәріне де көңіл бөлемін. Жұдырықтассақ та, күрессек те бәрібір, бәріне дайынмын.

- Қарсыласыңыз Мақсат Есболатов әлі жеңіліп көрмеген. Оның деңгейі туралы не айта аласыз? Сіздің ойыңызша, оның мықты тұстары қандай?

- Қарсыласым туралы айтар болсақ, Мақсат – өте мықты жігіт. Соққысы мықты, күресте де жақсы. Өте мықты. Осындай қарсыласпен өзімді тексеріп көру қызық. Бұл жекпе-жек оған да, маған да оңай болмайды. Сондықтан, қазақстандық жанкүйерлерге жекпе-жек қызық болатын шығар.