Қазақстандық файтер Нұрбек Қабдрахманов (4-2) Ақтөбеде өтетін Alash Pride FC 73 турнирінде сегізбұрышқа оралады. Оның қарсыласы - қырғыз спортшысы Гоги Абдуллаев.

Нұрбек кәсіби ММА спортында алты жекпе-жек өткізіп, төртеуінде жеңіске жетті. Кейінгі жеңілісін ресейлік Магомед Кадиевтен тапты. AMC Fight Nights турнирінде ол қарсыласынан үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер шешімімен жеңілді. Ал кейінгі жекпе-жегінде Миржалал Хасаниден басым түскен.

Енді Нұрбек 20 наурызда өтетін Alash Pride турнирінде жекпе-жек өткізбек. Қарсыласы - Гоги Абдуллаев Қырғызстан өкілі. Мансабында жеті жекпе-жек өткізіп үлгерген. Оның төртеуінде қарсыласынан басым түссе, үшеуінде керісінше есе жіберген. Бұл қырғыз спортшысының Қазақстандағы алғашқы жекпе-жегі болмақ.

- Нұрбек, ең алдымен алдағы жекпе-жек туралы айтсақ. Кездесуге дайындығыңыз қалай?

- Жекпе-жекке дайындық қалыпты деңгейде өтіп жатыр. Күнде жаттығу жасап, қызу дайындыққа кірістік. Қазіргі уақытта салмақ қуып жатырмын.

- Қарсыласыңыз қырғыз спортшысы Тургуналы Абдуллаев. Оны толық зерттеп үлгердіңіз бе?

- Қарсыласымның тартылыстарын қарап, жаттықтырушыммен зерттедік. Жалпы алатын болсақ, жақсы файтер екені көрініп тұр. Бапкерлерімізбен жоспар құрып қойдық, бұйырса, сегізбұрышта өз өнерімді көрсетемін.

- Бокс, күрес секілді ММА-дің қай аспектісіне көбірек көңіл бөліп жатырсыз?

- Әрине, бәріне көңіл бөлеміз ғой. ММА болған жерде барлық аспектіні жетілдіріп, жан-жақты дайындалып жатырмыз. Бұл спорт түрімен айналысқан соң, барлық жағынан дайын болу керек.