2021 жылдан бастап ҚКФЛ маусымның қорытындысы бойынша үздік жартылай қорғаушыға берілетін жүлдеге отандық футболдың аңызы Вахид Масудовтың есімін берген болатын, деп жазады Prosports.kz.

Масудов атындағы алғашқы жүлдені «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген иеленді.

Тағыберген өткен маусымда тамаша ойынымен көзге түсіп, Қазақстан Чемпионатының алтын медалін иеленді. Ол жарыстың 23 ойынында 4 гол соғып, 6 ассист жасады. Қазақстан Кубогында Тағыбергеннің еншісінде 5 ойын, 2 гол.

Жаңа маусымның алдында сыйлықты Асхатқа Масудовтың өзі табыс етті.

- Футбол — командалық ойын, сондықтан өткен жылы біз жанкүйерлерді осы жетістікпен қуанта отырып, Қостанайға титул әкелдік. Дегенмен, мамандардың, ойыншылардың және бапкердің пікірі әрқашан жағымды. Марапатты атақты ардагер Вахид Юнусович Масудовтың қолынан алу екі есе жағымды, - деді Тағыберген.