20 наурызда Ақтөбеде Alash Pride турнирі өтеді. Prosports.kz тілшісі осы кеште өнер көрсететін Бақдос Олжабаймен хабарласып, жекпе-жек жайлы шағын сұхбат алды.

- Бақдос, ең алдымен алдағы жекпе-жек туралы айтсақ. Кездесуге дайындығыңыз қалай?

- Жекпе-жекке дайындық ойдағыдай жүріп жатыр. Жаттығу жұмыстарының бәрін жоспар бойынша өтізіп жатырмыз. Almaty Fight Academy клубында Алмас Ализақов ағайдың жетекшілігімен дайындалып жүрмін.

- Қарсыласыңыз Магомед Алиевті бұрыннан білесіз бе, оны толық зерттеп үлгердіңіз бе?

- Магомед Алиевпен кездесетінімді жекпе-жекке 15 күн қалғанда білдім. Қарсыласым жайлы мәлімет табу оңай болған жоқ. Зерттеп көрейін деп интернеттен іздесем, Магомед Алиев есімді файтер өте көп екен. Солардың арасынан өз қарсыласымды тауып, жекпе-жектерін көріп, зерттеп жатырмыз. Қалғанын жекпе-жек көрсетеді.

- Осы жекпе-жектен кейін шетелдік немесе отандық өзге промоушенге ауысу жайлы жоспарыңыз бар ма?

- Иә, ондай жоспарым бар. Осы кездесуде жеңіске жетсем, шетелде жекпе-жек өткізсем деген жоспарым бар. Өзге елде Қазақстан атын танытсам жақсы болар еді. Шетелде өнер көрсетпегеніме көп болды. Алғаш мансабымды бастап жатқан кезде Қытай астанасы Бейжіңде үш-төрт кездесу өткізгенмін.

- 2020 жылы NFC 22 турнирінде кездесу өткізуіңіз керек еді, жарақатқа байланысты жекпе-жек өтпей қалды. NFC-мен келісімшартыңыз жоқ па?

- Иә, NFC 22 турнирінде октагонға шығамын деп ойланмын. Бірақ өзім жарақат алып қалдым да, ол жекпе-жек өтпей қалды. Қазір аталған промоушенмен келісімшартым жоқ.

- Біздің сайтқа берген бір сұхбатыңызда «ММА жеңіл ақша табудың жолы емес» деген едіңіз. Одан бері екі жылдан аса уақыт өтті, қазір жекпе-жектерден алатын табысыңыз (гонорар) өсті ме?

- Иә, айтқаным рас. Әлі де сол ойдамын. Спортта жетістікке жету үшін өте үлкен еңбек керек. Маңдай терің тамшылап, тынбай жұмыс істегенде ғана табысқа жетуге болады. Сегізбұрышта кездескен кез келген қарсылас оңай берілмейді, ол да сен секілді сансыз күш жұмсап, дайындалып келген адам, ол да жеңіске жетуді көздейді. Көп адам спортшылар физикалық тұрғыда ғана шаршайды деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес, моральдық тұрғыда да өте қиын. Жекпе-жек барысында қарсыластың ойын оқып, жоспарын түсініп, психолог болуың керек. Қарсыластың қимылынан не істегелі тұрғанын сезуің керек.

Ал гонорарым жайлы айтсақ, кейінгі жекпе-жегімде 1.5 млн теңге алдым. Оған қоса чемпиондық белбеуге ие болдым (Alash Pride Гран-при турнирінің жеңімпазы атанған).

- Біздің елде ММА мен бокстың жанкүйері көп. Сіздің ойыңызша, Қазақстанда қайсысының танымалдығы жоғары?

- Қазақстанда негізі бокс өте танымал. Кішкентаймыздан бокс пен күрес көріп өстік. Ал ММА қазір қарқынды дамып жатыр. Балуандар да, боксшылар да ММА-мен айналыса бастады. Мен де күрестен шыққамын, қазір ММА-ға келіп өнер көрсетіп жүрмін. Менің ойымша бұл спорт түрінің болашағы жарқын. Алдағы уақытта бокстан да танымал болады деп ойлаймын. Бірақ бокстың танымалдығы төмендемейді, өйткені ол бұрыннан келе жатқан халықтың сүйікті спорты.