Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымы басталды. Бірінші турдың алғашқы ойын күнінде бес матч өтті. Бұл ойындар жанкүйерлерді голдармен қуанта алған жоқ, бірақ одан да басқа қызықтар бар, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі.

Чемпионаттың алғашқы голын Мохамед Себаихи соқты. Бұл Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен ҚПЛ дебютанты «Мақтаарал» матчында болды. Себаихи 18-минутта гол салды. Бұған шымкенттіктер 38-минутта Сердж Ньюадзидің голымен жауап қатты. Кейін білгеніміздей, бұл бүгін ең көп гол соғылған матч екен. Қорытынды есеп - 1:1.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Мақтаарал» (Түркістан облысы) – 1:1 (1:1)

Голдар: Себаихи 18 (0:1), Ньюадзи 38 (1:1)

Төреші: Чесноков (Өскемен)

5 наурыз. Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион.

Қазақстан вице-чемпионы «Астана» елордада қарағандылық «Шахтерді» қабылдады. Бұл ойында есеп ашылған жоқ - матч 0:0 есебімен аяқталды. Бірақ матчта қызық тұстар болды. Маусымдағы алғашқы қызыл қағаз осы ойында көрсетілді. Кездесудің 97-минутында «кеншілердің» ойыншысы Абдель Ламанж алаңнан қуылды.

Ал ең қызығы ойыннан кейін белгілі болды. Екінші таймда «Астана» сапында Абат Айымбетовтің орнына Мохаммед Камара шыққан. Осылайша, алаңда елордалықтар сапында жеті бірдей легионер ойнаған. Ал ереже бойынша алаңға алты легионерден артық шығаруға болмайды. Осылайша, енді елордалықтарға техникалық жеңіліс тіркелуі мүмкін.

«Астана» (Нұр-Сұлтан) – «Шахтер» (Қарағанды) – 0:0

Алаңнан қуылды: Ламанж 97 («Шахтер»)

Төреші: Затула (Өскемен)

5 наурыз. Нұр-Сұлтан. «Астана Арена» стадионы.

Ал Атырауда жергілікті команда ҚПЛ-дің тағы бір дебютанты «Ақсумен» кездесті. Павлодар облысының командасы чемпионаттағы дебютінде бір ұпай еншілей алды. Бұл ойында да командалар есеп аша алмады. Тек ең қауіпті сәт деп «Ақсу» шабуылшысы Сергей Хижниченконың бір метр жерден бос қақпаны көздей алмағанын айтуға болатын шығар.

«Атырау» (Атырау) – «Ақсу» (Павлодар облысы) – 0:0

Төреші: Гороховодацкий (Алматы)

5 наурыз. Атырау. «Мұнайшы» стадионы.

Ақтауда жергілікті «Каспий» петропавлдық «Қызыл-Жарды» қабылдады. Бұл ойында жанкүйерлер бір гол көрді. Ақтаулық жанкүйерлердің қуанышына орай, бұл голды «Каспий» соқты. 66-минутта Аслан Әділ көзге түсіп, алаң иелеріне жеңіс сыйлады.

Жалпы, «Каспий» бірінші ойын күнінде жеңіске жеткен жалғыз команда болды. Сондықтан әзірше ақтаулық клуб көш басында тұр.

«Каспий» (Ақтау) – «Қызыл-Жар» (Петропавл) – 1:0 (0:0)

Гол: Аслан 66 (1:0)

Төреші: Измайлов (Талдықорған)

5 наурыз. Ақтау. «Жас Қанат» стадионы.

Бірінші ойын күні Түркістанда аяқталды. «Түркістан Аренада» «Тұран» «Таразды» қабылдады. Бұл кездесудің қызығы голдар емес, ВАР жүйесі болды. Бас төреші Артем Кучин екінші таймда ВАР-ға жүгініп, ойынның 15-минутын соған жоғалтты. Сондықтан ол матчтың негізгі уақытына 19 минут қосты. Дегенмен алаңда 110 минут ойнаған футболшылар есеп аша алмады. Тек 85-минутта Сұлтан Әбілғазы қызыл қағаз алып, алаң иелері кездесуді он ойыншымен аяқтағанын айта кеткен жөн.

«Тараз» (Тараз) – «Тұран» (Түркістан) - 0:0 (0:0)

Төреші: Артем Кучин

Алаңнан қуылды: Сұлтан Әбілғазы (85’, «Тұран»)

5 наурыз. Түркістан. «Түркістан Арена» стадионы.

Осылайша, жаңа маусымның алғашқы бес матчында үш гол соғылып, екі ойыншы алаңнан қуылды. Алғашқы күні-ақ техникалық жеңіліс тіркелуі мүмкін.