Қазақстан құрамасы 4-5 наурызда Ослода Дэвис кубогының Норвегиямен өтетін іріктеу матчына дайындықты бастады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандықтар Ослода жаттығуға кірісті. Бұдан бұрын Норвегия астанасына Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов және Дмитрий Попко келсе, бүгін олардың қатарына Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик қосылады. Қазақстандықтар Дэвис кубогы аясында норвегиялықтармен алғаш рет кездеседі.«Жағдай мен үшін біршама қалыпты. Хард төсеніші екі командаға да қолайлы. Әзірлік қызу жүріп жатыр. Біздің құрама Норвегиямен ойынға нағыз бабында кіріседі деп ойлаймын», деді Михаил Кукушкин.Матчта жеңіп шыққан команда қыркүйек айында өтетін Дэвис кубогының финалдық кезеңіне (командалық әлем чемпионатына) жолдама алады.