«Тұран» футбол клубының қорғаушысы Сұлтан Әбілғазы Prosports.kz сайтына берген кішігірім сұхбатында команда қалай қабылдағанын, ұсыныс қалай түскенін айтып берді.

- Сұлтан, өзіңіз жайла айта кетсеңіз. Футболмен қай кезден бастап шұғылдандыңыз?

- Көкшетау қаласында туып-өстім. Мектеп табалдырығын аттаған сәтте сыныпастарыммен бірге футболға бардым.

- Ата-анаңыз футболға қалай қарады? Қолдау көрсетті ме?

- Әрине, ата-анам спортпен шұғылданғанымды құптады. Футболға еш қарсы болмады. Кейін футболда нәтиже шығара бастағанымда барынша қолдауға тырысты. Әсіресе, анам. Ол барлық жағынан қолдауын аямады.

- «Тұраннан» ұсыныс қалай түсті?

- «Тобылмен» келісімшарт мерзімі аяқталып, демалыста болғанмын. «Тұраннан» ұсыныс түсіп, ұзақ ойланбасан оқу-жаттығу жиынына қосылуды шештім. Осы жақта клубпен ортақ шешімге келіп, келісімшартқа қол қойдық.

- «Тұранға» жақында қосылдыңыз. Командаға үйреністіңіз бе?

- Көп жігіттерді танимын. Көбімен бірге ойнадық. Команда ішіндегі көңіл-күй керемет. Бәрі жақсы. Бәрі жоғары мақсат қойған. Бапкерлер де, ойыншылар да өздеріне артылған жауапкершілікті сезінетіні байқалады.

- «Тұран» жейдесіне алдыңызға қандай мақсат қоясыз?

- Әрине, ойыныммен командама көмегімді тигізсем деймін. Команда әр ойында жеңіске жету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.

- Түркістанда болдыңыз ба? Қала ұнады ма?

- Түркістан жақсы естелігімен есте қалды. Өткен жылы Түркістанда «Тобылмен» Суперкубокты жеңіп алдық. Стадион өте жақсы, үлкен әрі заманауи деңгейде. Қала күннен күнге дамып келеді. Жанкүйерлер де қолдауын аямайды. Оларды әр ойында қуантуға тырысамыз.